Халықты сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі қайта қаралады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлім етті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
— Халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сапасына баса назар аудара отырып, қайта қаралады. Министрлік амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін оңтайландыру бойынша жұмысты бастады, — деді Ақмарал Әлназарова ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында.
Министрдің айтуынша, препараттардың сапасына аса мән беріледі.
— Соңғы 2 жылда амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамту шығындардың 2 есе өсуі алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл ретте 41 нозология бойынша пациенттер тек 50%-ға қамтамасыз етіледі. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көлемінің жалпы өсуіне қарамастан, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету деңгейі төмендеген, — дейді ол.