М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ғалымдары экология үшін маңызды жобаны қолға алды. Оларға жасыл зерттеу инновациялық жобаларды қолдайтын «Sustainability Living Lab» бағдарламасы көмектескен. Осылайша университет «National Conservation Initiative» корпоративтік қорынан және Назарбаев университетінен 1,3 млн. теңге грант алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жоба авторы — агротехнологиялық факультетінің аға оқытушысы Елена Иль. «Тақырып — «Каппа-каррагинанды қолдану арқылы биологиялық ыдырайтын тағамдық қаптама өндіру технологиясын әзірлеу» деп аталады. Қарапайым тілмен айтқанда теңіздің қызыл балдырларынан жасалған тағамдық қаптама.
— Бұл экология үшін өте маңызды жоба. Жалпы, каррагинан дегеніміз — теңіздің қызыл балдырлары экстракциясынан алынған табиғи гель. Тәжірибелік зерттеулерден кейін құрамын жасап шықтық. Мұндай табиғи қаптаманы сусымалы, құрғақ және басқа да тамақ өнімдерін орауға, қаптауға болады, — дейді университеттің аға оқытушысы Елена Иль.
Қаражатқа табиғи қаптаманы өндіруге мүмкіндік беретін жабдықтар мен материалдар сатып алынды. Ғалымның айтуынша, каррагинан қаптамасының қазіргі қолданыстағы целлофан қаптамалардан ерекшелігі – ол суда жарты сағат ішінде толығымен ыдырап кетеді және экологиялық таза. Азық-түлікке әсер етпейді, қоршаған ортаны сақтауға, қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
— Жобаға Аризона университетімен халықаралық білім беру бағдарламасы бойынша оқып жатқан студенттер де белсенді қатысып жатыр, — дейді Елена Иль.
Алда жоба авторлары өндіріс технологиясын жетілдірумен, қаптаманың беріктігін арттырумен айналысады. Сондай-ақ, әзірлемеге патент алуды да жоспарлаған.