СҚО-да кәсіпкер күнбағыс майының бағасын негізсіз көтерген. Әзірге бизнесменге ескерту ғана жасалды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Күнбағыс майы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізіміне кіреді. Сондықтан оның бағасы бақылауда болатынын атап өткен жөн.
– Азық-түлік тауарларына баға белгілеудің барлық тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссияның кезекті отырысында сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ұсынған ақпараттың негізінде сауда үстемесінің мөлшері 15%-дан асатын күнбағыс майын сату фактісі анықталды, — деп түсіндірді СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасындағылар.
Бағаны негізсіз көтеруге жол берген үшін сауда орнына ескерту жасалды. Егер жағдай қайталанса, шағын кәсіпкерлік субъектісіне – 10 АЕК (36 920 теңге), орта кәсіпкерлікке — 75 АЕК (276 900 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 300 АЕК (1,1 млн теңгеден астам) мөлшерінде айыппұл тағайындалады.
Жыл басынан бері комиссия сауда үстемесінің белгіленген мөлшерінен асып кету фактілері бойынша 14 материалды қарады, 13 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.