СҚО-да қысқы спорт түрлерінен «Ақшақар» спартакиадасы басталды. Мектеп оқушылары арасында өтетін облыстық додаға аудандық іріктеу кезеңінен өткен 1300 бала қатысады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавлда жалауын көтерген жарыс шаңғымен жүгіру, президенттік көпсайыс, спорттық бағдарлау, конькимен жүгіру, шайбалы және допты хоккей сынды спорт түрлерінен өтпек. Биыл сайыс бағдарламасына шахмат, үстел теннисі мен футзал да кірді.
– Мектеп оқушылары арасындағы қысқы спартакиада дәстүрлі. Облыстық сында жеңіске жеткендер республикалық гимназиадада өңір намысын қорғайды. Өткен жылы өңіріміз ел көлемінде ұйымдастырылған жарыста жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Биыл жерлестеріміз жоғары көрсеткіштерге қол жеткізетініне сенім мол, — дейді СҚО білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.
Оқушылар спартакиадасының қорытындысы ақпанның 29-ы күні жарияланады.