Облыс прокурорлары төтенше жағдайларды алдын алу бойынша заңдылықтың жай-күйін талдау барысында «Азаматтық қорғау туралы» Заңның талаптары өрескел бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, Айыртау ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары су басуы ықтимал елді мекендерден қар шығару жұмыстарын ұйымдастырмаған. Олар заң талаптарын бұза отыра, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда су өткізгіш құбырларды тазаламаған. Мұндай бұзушылықтар Ғ.Мүсірепов атындағы, Шал ақын, Есіл аудандарында да анықталды.
Тимирязев ауданында заң талаптарын бұза отырып, инженерлік техника мен инертті материалды алуға шарт жасалмаған. Сонымен бірге Мамлют, Ғ.Мүсірепов атындағы, Уәлиханов аудандарының жергілікті атқарушы органдарының лауазымды тұлғалары қорғаныш топырақ үйіндісін нығайту және су өткізгіш құбырларды орнату бөлігінде 2024 жылғы су тасқынына дайындық бойынша инженерлік жұмыстар жоспарының іс-шараларын орындамаған. Қадағалау органының шаралары бойынша жергілікті атқарушы органдар бұзушылықтарды жою бойынша жұмыс жүргізуде.