Бұл норма «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасында бекітілген. Оны Ішкі істер министрі Ержан Сәденов таныстырды.
Оның айтуынша, заң жобасы аясында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін адам саудасына қарсы күрестің құқықтық негіздерін айқындау жоспарлануда.
— Заң жобасында жаңа тұжырымдамалық аппарат бар, атап айтқанда, «адам саудасының құрбаны», «адам саудасының ықтимал құрбаны», «осал жағдай», «адам саудасына қарсы күрес субъектілері» және т.б. ұғымдар енгізілген. Халықаралық стандарттарға, соның ішінде БҰҰ Палермо хаттамасына сәйкестендірілді, — деді Ерлан Сәденов.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне ілеспе түзетулер адам саудасымен байланысты қылмыстар түсінігін енгізеді. «Адамды қанау» түсінігі қылмыс жасау әдістері жағынан да кеңейтілуде», Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 309-бабының 2-бөлігі «притон және сутенерлік» жаңа біліктілік белгісімен толықтырылды — «Интернет арқылы».
Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 71-бабында жәбірленушінің арнаулы әлеуметтік қызметтерді алу құқығы енгізілген.
«Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» Қазақстан Республикасының Заңы төлемдер көзделген қылмыстардың үш түрімен (адам ұрлау, қанау мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру, жезөкшелікпен айналысуға тарту) толықтырылған.
— Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте медициналық ұйымдарға, баспаналарға, балалар үйлеріне балаларды тастап кеткені туралы хабарламағаны үшін жауапкершілік көзделген, — деді Ержан Сәденов.
Мәжілістің тиісті комитетінің қорытындысында құжат адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті органды белгілейтіні айтылған. Депутаттар жоғарыда аталған шаралар адам саудасына қарсы күрес саласындағы жұмыстың тиімділігін арттырып, заңнаманы жетілдіреді деп есептейді.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов бізге адам саудасына қарсы заң жобаларына қатысты пікір білдірген болатын.