Петропавлда 2024 жылғы көктемгі дала жұмыстарын дайындық барысы талқыланды. Жиынға Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов, аудан әкімдері, өңір диқандары, ғалымдар мен сала мамандары қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Шараны ашқан облыс әкімі өңірдегі егіс науқанына дайындықтың маңыздылығын атап өтті. Кейін Айдарбек Сейпілұлы елдегі агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы туралы баяндама жасады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 5 жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыру үшін аталған салаға қатысты бірқатар кездесулер өтті. Оның нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласында жүйелі мәселелер анықталды. Соның біріншісі – статистикалық деректердің бұрмалануы. Көп жыл бойы әртараптандырудың тек қағаз жүзінде жүргізіліп келгенін мойындауымыз керек. Бүгінде бұған жол бермеу үшін арнайы топ құрылып, солтүстік облыстарда жұмысын бастады. Екіншіден – агротехнологияны қолданудың төмен деңгейі. Атап айтқанда тыңайтқыштарды қолданудағы қажеттіліктің 21 пайызы ғана орындалуда. Ұсынылған ауыспалы егіс ережелері сақталмайды, егілетін тұқымның сапасы нашар. Элиталық тұқымның үлесі төмен, бидайдан басқа дақылдар бойынша шеттен келетін тұқымға тәуелдіміз. Көкөніс тұқымдары түгел дерлік сырттан келеді, — деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Ауыл шаруашылығы министрінің сөзінше, елде техниканы жаңарту да артта қалған. Жыл сайын технопарктің тек 4 пайызы ғана жаңартылады. 2,2 млн. гектар суармалы алқаптарды пайдалану мүмкіндігіне қарамастан, іс жүзінде тек 1,5 млн. гектар алқапта суармалы әдіс қолданылады екен. 30 жылда су үнемдегіш технологиямен жабдықталған алқаптар көлемі 312 мың гектарға ғана жеткен.
Айдарбек Сапаров мал шаруашылығы саласында да түйткілдер бар екенін атап өтті. Бүгінде елдегі ірі қараның орташа массасы, сүттілігі басқалармен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Оған негізгі себеп мал азығының дұрыс дайындалмауы, жануарлардың генетикалық потенциалының төмендігі, қаржыландырудың аздығы. Тағы бір мәселе өңдеу кәсіпорындарының толық қуатында жұмыс істемеуі. Мысалы қант зауыттары шикізаттың жетіспеушілігінен тек 6 пайыз қуаттылықта жұмыс істеп тұр. Өзге кәсіпорындардың қуаттылығы 6-40 пайыз аралығында. Аталған мәселелерді шешу үшін жол картасы әзірленген.
Кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов баяндама жасап, өңірдегі егіс науқанына дайындық жұмыстары жайлы айтты.
– Биыл өңірде 4,5 млн. гектарға тұқым себіледі. Оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар 3,4 млн., майлы дақылдар 751 мың, жем азықтық дақылдар 379 мың, картоп 26, көкөніс 5 мың гектар. Жүргізілген талдаулар жерге қажетті жауын-шашын жауғанын көрсетті. Ылғалдың мол болуы егіс науқанына қолайлы жағдай туғызып отыр. Биыл 256 мың тонна минаралды тыңайтқыш себу межесі қойылды. Осылайша біз 2028 жылға дейін ғалымдар ұсынған деңгейге жетеміз. Тыңайтқыш сатып алу бойынша жұмыстар Жамбыл, Уәлиханов, Ақжар, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда төмен. Өңірде су үнемдеу технологиясының көмегімен суармалы алқаптар үлесін арттыру қолға алынды. Биыл суару ауданы 9,4 мың гектарға жеткізіледі. Есіл өзенінің мол су қорына қарамастан біз өз әлеуетімізді тиімді пайдалана алмай отырмыз, — деді Марат Тасмағанбетов.