Бүгін Үкімет отырысында елдегі су тасқыны жағдайы талқыланды. Жиында экология және табиғи ресурстар министрі өзендердегі су деңгейі туралы баяндады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Болжамға сәйкес, 2024 жылғы 1-10 сәуірде Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райы тұрақсыздығы күтіледі. Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын нормаға жақын болмақ. Елдің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және шығысында таулы және тау бөктеріндегі аудандарда нормадан көп түседі деп күтіледі. Республиканың басым бөлігінде түнгі уақыттағы жауын-шашын қарға ауысып, ал күндіз жаңбыр жауады.
— Бүгінгі таңда Қазақстан аумағының 27%-ы қар жамылған. Жазық жерлердегі өзен бассейндерінде су қорының көлемі азайды. Су тасқынының ең көп көлемі Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының және Қостанай облысының оңтүстік бөліктеріндегі өзендерде болмақ, алайда су тасқыны қаупі сақталып отыр. ШҚО, Абай, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола облыстары, СҚО өзендерінде және Қостанай облысының солтүстік жартысында су деңгейінің көтерілуі және қауіпті көрсеткіштердің артуы байқалады, — деді үкімет отырысында Ерлан Нысанбаев.