Қызылжар ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Тасқын су облыстағы 40 үйді басты. Бүгіндері 13-нің иесі қайта өз баспаналарына оралды. Бұл туралы баспасөз мәслихатында СҚО ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Департаменттің ақпаратына сәйкес, Тайынша, Ақжар, Уәлиханов аудандарында су тасқынының жағдайы тұрақталды. Ал Сергеев су қоймасындағы судың деңгейі жаңа максимумға дейін жетіп, 425 см-ді құрады.

– Су басуы ықтимал аймақтарға Шал ақын, Есіл және Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласы жатқызылады. Қазіргі уақытта бөгеттерді тұрғызып, Есіл өзені жағасында орналасқан ауылдардағы тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде. Бүгіндері Есіл ауданына қарасты Петровка елді мекеніндегі кейбір үйлердің азаматтары қауіпсіз жерге көшірілді. Әлі бұл жұмыстар жалғасын таппақ. Өңірде табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі Петропавл қаласы, Тайынша және Қызылжар ауданында енгізілді, — дейді Мұрат Қанғожинов.

Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, бүгіндері ауылдардағы 1512 ауыл шаруашылығы жануары эвакуацияланды. Оның 100-ден астамы қайта иелеріне қайтарылды.

Қазіргі уақытта Түркістан, Павлодар, Қарағанды облыстары мен Алматы қаласынан құтқарушылар келіп, аудандарда су тасқынына қарсы шараларын жүргізуге жіберілді. Жалпы ауылдар мен Петропавл қаласында табиғи апатты болдырмау мақсатында 1600-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында, әскерилер, жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері, полицейлер мен еріктілер бар.

– Су тасқынына қарсы тұруға көмекке Ұлытау облысынан құтқарушылар келе жатыр. Олар да ауылдарға жұмылыдырылады, — дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары.

Аудандарда СҚО прокуратурасының мамандары қызмет етуде. Заңды қадағалаушы орган тұрғындардан зардап шеккен мүліктері бойынша өтініштерді қабылдамақ.

– ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, су тасқынынан зардап шеккендер 30 күннің ішінде зақымданған үйлері мен мүлкінің материалдық шығынының орнын толтыру үшін өтініш хат жазуы керек. Оның негізінде оларға қаражат берілетін болады, — дейді СҚО прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Али Саттар.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz