СҚО әкімі жерлестерімізге үндеу жасады

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов солтүстікқазақстандықтарға үндеу жасады. Өңір басшысы су тасқынына байланысты жағдай күрделі әрі жақын арада су Петропавлға жететінін айтып, мемлекет тарапынан зардап шеккендерге міндетті түрде көмек көрсетілетінін тілге тиек етті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Облыстағы су тасқынына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен өңірге Премьер-Министр Ожас Бектенов келіп жағдаймен танысты. Бүгіндері аймақты Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр жүр. Ол тасқынға қарсы жұмыстарға басшылық етуде.

– Өңірде су тасқыны жағдайы күрделі. Біз оған қарсы барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз. Бірінші кезеңде елді мекендерден еріген суды бұру жұмыстары жүргізілді. Ал қазір үлкен су Есіл өзені арқылы Петропавлға жақындауда.

Сергеев су қоймасында абсолютті антирекорд тіркелді. Судың деңгейі 4 метр 25 сантиметрге дейін көтерілді. Бұл 2017 жылғы су тасқынының көрсеткіштерінен әлдеқайда көп. Су Есіл өзенінің бойында орналасқан елді мекендерге қауіп төндіріп отыр. Шамамен бір-екі күннен кейін су облыс орталығына жетеді. Прибрежное және Тепличное ауылдарын, Заречный кентін су басуы мүмкін, — деп айтты СҚО әкімі.

Осы күндері әскерилер, құтқарушылар мен еріктілер тасқын суға қарсы бөгеттерді салып, нығайту жұмыстарын жүргізуде. СҚО әкімінің сөзінше, ауыз суды үздіксіз жеткізу үшін бірінші сорғы станциясының айналасындағы бөгет нығайтылды.

– Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың тапсырмасы бойынша су басу аймағында орналасқан Заречный кентінің тұрғындарын эвакуациялау жүргізілуде. Қалалықтарды бұл міндетті шараларға түсіністікпен қарауды және су тасқыны кезеңінде қойылған талаптарды орындауды сұраймын. Азаматтарымыздың қауіпсіздігі бірінші орында тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны кезеңінде тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекет қажетті көмек пен қолдау көрсетеді. Өтемақы қарастырылған. Ешкім назардан тыс қалмайды. Бірліктің арқасында біз барлық қиындықтарды жеңе аламыз, — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Бүгіндері облыста су тасқынымен күресуге 3 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Облыс әкімі әскерилер, мемлекеттік қызметшілер, құтқарушылармен қатар, бизнесмендер мен еріктілер де атсалысып жатқанын атап өтті.

– Осы қиын кезеңде халыққа қолғабыс болып отырған барша азаматтарға алғысымды жеткізгім келіп тұр. Алда әлі де ауыр сынақтар бар. Ең бастысы – сабырлы болайық және бір-бірімізге көмектесейік, — деді СҚО әкімі.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz