«Dostyq mall» сауда орталығында қолөнер шебері Тимур Кенжебаевтың көрме-жәрмеңкесі ашылды. Жәрмеңкеден түскен қаржының бір бөлігі омыртқа ауруы бар баланың операциясына жұмсалады. Ота құны – 33,7 млн. теңге, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Шебер бұрын банк қызметкері болып жұмыс істеген. Алайда жаны сүйген іске аңсары ауып, бір күнде кеңседегі жұмысын шеберханаға ауыстырыпты. Содан бері оның қолынан шыққан бұйымдар қала халқының таңданысын тудырып, шаһарға көрік беріп келеді. Тимур Кенжебаев бұйымдарының ерекшелігі ол өз туындыларын темір қалдықтарынан жасайды. Газ балоны, автомобиль бөлшектері сияқты темір-терсек шебердің қолында жан біткендей жаңа «кейіпкерге» айналып шыға келеді. Темірден жасалған роботтар, жан-жануарлар, адам бейнелері көрген жанның таңданысын туғызады. Көрмеге келушілер шебердің жұмыстарына таңдай қағысып, жоғары бағалады. Қолөнердің бұл түріне әсіресе балалардың қызығушылығы жоғары. Көрме иесі оларға арнап шеберлік сағаттарын өткізіп тұрады.
Көрмеге Тимур Кенжебаевтың Арсений пілі, Анатолий роботы, Гриша, Тим, Кам және Чарли, Федя байкер, Кинг-Конг сияқты туындылары қойылған. Бұдан бөлек ол мангал, пеш, сүрлеуге арналған бұйымдар жасап сатады. Шебердің сөзінше сатылымнан түскен ақшаның 30 пайызы қайырымдылыққа аударылады.