Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Шал ақын ауданы, Қызылжар, Есіл, Тимирязев, Жамбыл және Мамлют аудандарындағы су тасқыны жағдайын әуеден бақылады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
— Үлкен су Петропавл қаласына жақындады. Ертең Есіл өзені арнасынан шығады деп күтілуде. Сондықтан, барлық қызметтер қырағылық танытып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек», — деп жазды әлеуметтік желідегі жеке парақшасында Ғауез Нұрмұхамбетов.
Петропавлдағы «СК РЭК» жұмысын тексеру барысында Роман Скляр қаланы үздіксіз электрмен қамтамасыз ету үшін кезекші топтарды жұмылдыру және энергетиктердің «KEGOC» АҚ авариялық-құтқару жасақтарымен ынтымақтастығы маңызды екенін атап өтті. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары «KEGOC» АҚ мамандарына «СК РЭК»-пен тұрақты байланыста болуды тапсырды.