Өңірде су тасқынына байланысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу үшін профилактикалық жұмыс жүргізіліп жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Қанат Жеңісбекұлы бағаны негізсіз өсіретіндерге айыппұл салынатынын ескертті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
— Ішкі сауда саласындағы заңнама талаптарын сақтау дәл бүгінгідей төтенше жағдай кезінде маңызды. Бұл «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабында көрсетілген. Яғни әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына кәсіпкер өндірушінің сату бағасынан немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасынан шекті сауда үстемесінің мөлшерін 15 пайыздан аспайтын мөлшерде ғана белгілей алады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке 19 тауар түрі жатады, олардың ішінде бірінші сұрыпты бидай ұны, нан, қарақұмық жармасы, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы, сиыр, тауық еті, сүт, айран, сары май, жұмыртқа, тұз және сүзбе бар, — дейді Қанат Жеңісбекұлы.
Маманның айтуынша, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 204-4-бабында осы заң нормаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көрсетілген.
— Заңнамада белгіленген сауда үстемесінің мөлшерін арттырған жағдайда ең алдымен саудагерге ескертіледі. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалса – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 10, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 75, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, — дейді Қанат Жеңісбекұлы.
2024 жылдың басынан бастап департамент 27 кәсіпкерлік субъектісін әкімшілік жауапкершілікке тартқан, оның ішінде: 8 – орта кәсіпкерлік, 19 – шағын кәсіпкерлік субъектілері. 26-сына ескерту жасалды, біреуі әкімшілік айыппұл төледі.
— Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін арттырған 17 шағын дүкен және сауда желілері, 7 көтерме кәсіпорны және 3 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер анықталды. Олар ұнды, күрішті, қарақұмық жармасын, сүзбе мен тауық етін және сары майды, қанп пен күнбағыс майын қымбатқа сатқан. Бұл фактілер барлық кәсіпкерлердің Заңда белгіленген талаптарды сақтамайтындығын көрсетеді, — дейді департамент басшысы.