М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері Дубай инвесторларына өз жобаларын ұсынбақшы, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Университеттің баспасөз қызметі мәлім еткендей, теріскейлік студенттер «ReCodeTau» атты республикалық хакатонға қатысып, «OMNI Green Technology» жобасын ұсынды. Жас ғалымдардың бұл жұмысы 2-ші орынға лайық деп танылды.
Енді студенттер «OMNI Green Technology» жобасын Дубайдағы инвесторларға ұсынбақшы. Байқауда жерлестеріміз «omni green» бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы ферманы автоматтандыруға болатынын айтты.
Жоба арқылы нақты уақыт режимінде ферманың жұмысын бақылауға және кәсіпорынның маңызды көрсеткіштеріне талдауларды жасауға, сондай-ақ гидропоникалық, балық, құс фабрикаларында және басқа да ауыл шаруашылығы кешендерінде мөлшерленген жем беруді жүзеге асыруға көмектеседі.
– Қазақстанда өз жобамызды көрсетуге және іске асыру мүмкіндігі туды. Енді оны тәжірибе жүзінде қолдануға тырысамыз,- дейді студент Алдияр Ерсайын.
Алдағы уақытта солтүстікқазақстандық студенттер Астанада өтетін «Enactus Kazakhstan» мектеп және студенттік кәсіпкерліктің Ұлттық кубогында өнер көрсетуге дайындалмақ.