Петропавлдағы «Қызылжар су» ЖШС-не қарасты су құбыры эпидемиологтардың бақылауында. Күн сайын мамандар су сапасын тексеріп, сынамалар алып тұрады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО бас мемлекеттік санитар-дәрігерінің қаулысымен ағын суды гиперхлорлау туралы шешім қабылданды.
– Санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу шеңберінде басқарма 2024 жылғы 12 сәуірден бастап орталықтандырылған сумен жабдықтау көзінен барлығы 139 сынама алды, оның ішінде 83 сынама теріс, 11-і оң нәтиже көрсетті. Олар санитарлық-химиялық көрсеткіштерге сәйкес келмеді, яғни судың лайлануы анықталды. Ағын судың микробиологиялық көрсеткіштері бойынша оң сынамалар анықталған жоқ. Сондай-ақ, су радиологиялық, паразитологиялық, вирусологиялық, аса қауіпті инфекцияларға және ауыр металдардың тұздарына, улы химикаттарға зерттелді, зерттеу нәтижелері бойынша оң нәтижелер тіркелген жоқ. Бүгінгі таңда 45 сынама бойынша нәтижесі шыққан жоқ, – деді Петропавл қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Данияр Оспанов.
Зерттеу нәтижелері көрсетіп отырғандай, бүгінгі күні жұқпалы аурулардың су ошақтарында пайда болу қаупі жоқ.
– Дегенмен, ішуге және тамақ дайындауға тек бөтелкедегі және қайнатылған суды қолдануға кеңес береміз. Су басу орындарында бұлақтардан, құдықтардан және ұңғымалардан су ішуге тыйым салынған. Тасқын суларға малынған тамақ өнімдерін пайдаланбаңыз, оларды мүмкіндігінше кеміргіштер мен тасқын сулар жетпейтін жерлерде сақтаңыз. Егер жұқпалы аурулардың белгілері болса (дене қызуының жоғарлауы, жүрек айну, құсу, нәжістің босауы, тамақ ауруы, бөртпе және т.б.), бұл туралы дереу медицина қызметкеріне хабарлау қажет, – деді Данияр Оспанов.