Солтүстік Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі былтыр жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 5 адамға сыйақы берді. Жалпы сомасы — 1,1 млн. теңге, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
СҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адамдарды көтермелеу — жемқорлықпен күресте тиімді тетіктердің бірі.
Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған немесе қылмыспен күресте жәрдемдескен адамдарға біржолғы ақшалай сыйақы беру, грамотамен марапаттау немесе алғыс жариялау қарастырылған.
Параның немесе келтірілген залалдың сомасы бір мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын немесе залал келтірілмеген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық болса, 30 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы тағайындалады.
Онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмысқа 40 АЕК, ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмысқа 50 АЕК, ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы хабарланған жағдайда 70 АЕК мөлшерінде счыйақы беріледі.
Ал аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс туралы дерекке 100 АЕК қарастырылған.
Егер пара немесе келтірілген залал сомасы немесе ұсынылған жеңілдіктер немесе көрсетілген қызметтер құны 1000 АЕК асып кетсе, онда факті туралы хабарлаған адамға соманың 10% мөлшерінде, бірақ 4000 АЕК-тен аспайтын сыйақы беріледі.
Сыайқы айыпты адамға қатысты айыптау үкімі немесе әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы заңды күшіне енген соң ғана беріледі.
Өңір тұрғындары сыбайлас жемқорлық фактілері туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің call-орталығына 424 нөмірі бойынша тегін хабарласа алады немесе Петропавл қаласы, Интернациональная көшесі, 60 мекенжайы бойынша аумақтық департаментке жүгінуіне болады.