Петропавлдық Аяжан Қойшыбай шетелдік туындыларды қазақша сөйлетіп жүр. 20 жастағы қыздың арманы – аниме арқылы ана тілінің қолданыс аясын кеңейту. Бүгінде анимемен қатар шетелдік танымал фильм, мультфильмдерге дубляж жасап әрі дыбыстаумен айналысады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz
Оның бұл бастамасы көрермендердің қызығушылығын тудырып, Dopamine Voice дубляж студиясында жалғасын тапты. Бастапқыда мәтінді телефон немесе құлаққап микрофонының көмегімен оқып жүріпті. Қазір дыбыстауға ыңғайлы арнайы микрофонды қолданады.
– Алғашқы енді үлкен жұмысым – «Титандар шабуылы» атты аниме болатын. Мен онда Микаса Аккерманды дыбыстадым. Өте қиын болды. Дауысым келмейді ма деп ойладым. Негізі халық қазақ контентін іздейді. Өкінішке қарай, бізде қазақша сапалы контент өте аз, – дейді Аяжан Қойшыбай.
Бүгінгі таңда бойжеткен «Сон Джені ұста да қаш» атты дораманы дыбыстап жатыр. Жалпы күні бүгінге дейін 10-нан астам кейіпкерді қазақша сөйлеткен.
Қазір Аяжан дизайнер мамандығы бойынша білім алып жатыр. Dopamine Voice дубляж тобының құрамында жүріп бес жобаны дыбыстаған. Дауысынан танып, алғыс айтатын жанкүйерлері де жоқ емес. Дарынды қыз әрі қарай да қазақ тіліндегі контентті дамытпақ ниетте.