Су тасқынының зардабын тартқан кәсіпкерлердің 70-і Петропавлда орналасса, 25-сі Қызылжар ауданында кәсібін дөңгелетіп отыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиевтің айтуынша, су тасқынының салдарын сезінгендердің тізімі күн сайын жаңарады.
– Бүгінгі таңда бізде зардап шеккен 95 бизнес субъектісі бар, олардың басым бөлігі сауда саласында қызмет етеді, — дейді Жеңіс Қазиев.
Мамыр айының басында «2024 жылғы су тасқыны шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығындарды өтеу ережелері» ресми түрде қолданылатын болады. Оған сәйкес, бүгіндері өңірде кәсіпкерлерге өтемақы сомаларын есептейтін комиссияларды құру бойынша жұмыс басталып кетті. Олардың құрамына СҚО Кәсіпкерлер палатасының дирекциясы да кірмек.
Шығынға ұшыраған бизнес субъектілерінің бірі «№1 инкубаторий» ЖШС болып табылады. Серіктестік Қызылжар ауданының Прибрежное ауылында орналасқан. Сәуірдің 12-сі күні тіркелген тасқын судан серіктестік аумағында 3 мың бройлер тауықтары және 143600 инкубациялық жұмыртқа, 36 мың жұмыртқа салатын тауықтардың инкубациялық жұмыртқалары зардап шекті. Кәсіпорын басшылығынан алынған ақпаратқа сәйкес, тек осы позициялар бойынша бизнес субъектісі 38,6 млн. теңгеден астам шығынға ұшырады. Ал кәсіпорынның барлық материалдық-техникалық базасы да зардап шеккенін ескерсек, жалпы шығын көлемі 300 млн. теңгеден асты.
– Қазіргі уақытта су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілерінің тізімін Петропавл қаласы мен облыс аудандарының әкімдіктері жасап жатыр. Сондықтан өз деректерін әлі ұсынбағандар шұғыл түрде нысанның қай жерде зардап шеккеніне байланысты қалалық немесе аудандық әкімдіктерге жүгінуі қажет, — деп түйіндеді СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.