Айыртау ауданында көміртегі тотығымен уланып қалған бір отбасының 8 баласы аналарымен бірге аудандық ауруханада ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ауруханаға түскен 8 баланың үшеуі балалар бөлімшесіне орналастырылды, жағдайлары орташа. Қалған бес бала қазір жансақтау бөлімшесінде жатыр, жағдайлары тұрақты, ауыр.
— Әйел 1990 жылғы, аудандық аурухананың терапия бөлімшесіне орналастырылды. Балалардың ең кішісі 2018 жылғы және егіз қыз 2012 жылы туған. Егіздің біреуі де жансақтау бөліміне түсті, — CҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.
Айыртау ауданы Антоновка ауылында бір үйдің 9 адамы иіс тиіп уланғандығы жөнінде «112» телефонына хабар түсіп, олардың бәрі жедел түрде аудандық ауруханаға жеткізілген еді. Алдын ала болжам бойынша, әйел пештің мұржасын ерте жауып тастаған.