Облыстық тексеру комиссиясы Шал ақын аудандық ауруханасына мемлекеттік аудит жүргізу кезінде жаға ұстатарлық фактіні анықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің сарапшылары тартылған шара барысында хирургиялық және гинекологиялық кабинеттерде мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмектер табылған, кей препараттар талапқа сай дұрыс сақталмаған. Науқас жандарға ем-дом ретінде қолданылса, не болады деу ойлаудың өзі қорқынышты. Бұдан кейін медициналық қызмет сапасы туралы сөз қозғау артық.
Тексеру комиссиясының мүшесі Тимур Тұрсыновтың айтуынша, емдеу мекемесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар қорын сақтауға арналған материалдық шкафтар жеткіліксіз. Соның салдарынан көліктік қаптамаларда төбеге дейін үйіліп қалған. Кейбірі шкафтардың үстіне қойылған.
Дәрі-дәрмек препараттарын сақтайтын бөлме күрделі жөндеуді қажет етеді. Қабырға мен төбе қақ айрылып, жарылып кеткен. Жоғары қабатта сумен жабдықтау және кәріз жүйелері орналасқан. Мұның өзі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар сақталатын бөлмеге су басу қаупін тудырады.