Сәуірдің 26-сы мен 28-і күндері облыс жолдарында 16 мас жүргізуші анықталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы аясында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу, жылдамдықты арттырудың 111 фактісі және жол қиылысы ережелерін бұзудың 17 дерегі тіркелді.
Полицейлер Уәлиханов ауданында «Mitsubishi Pajero sport» автокөлігін тізгіндеген жүргізушіні тоқтатып, теміртұлпарынан 12 калибрлі 2 патрон табылды. Оның айтуынша, ол аңшылықтан кейін оқ-дәрілерді алып тастауды ұмытып кеткен. Оған қатысты азаматтық қару айналымы ережелерін бұзу фактісі бойынша хаттама толтырылды. Жалпы 3 күннің ішінде облыста 2 бірлік тіркелмеген тегіс ұңғылы қару мен 17 бірлік оқ-дәрі тәркіленді.
– Қызметкерлер 2 мыңнан астам есепке алынған адамдарды тексеріп, жалдамалы пәтерлерді, қараусыз қалған үйлерді аралады. «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді міндеттер қарастырылып жатыр. 848 түрлі әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, – дейді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.