Құмар Ақсақалов Тайынша ауданындағы өндіріс ошақтарын аралады
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Тайынша уданындағы «Bio operations» зауыты, шошқа кешені мен ет комбинатында болды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен бірге ауданда жүзеге асырылып жатқан озық жобалардың жұмысымен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, студент жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері танысты.
Пресс-тур қатысушылары Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері көлемінде теңдессіз кәсіпорын саналатын «Bio operations» зауытына барды. Ұзақ жыл тоқтап тұрған зауыт былтыр жаңғыртылып, өнім өндіруге кіріскен. Мұнда астық тереңдете өңделеді. Негізгі өнім – биоэтанолдан басқа крахмал, балауыз, құрамажем шығарылады. Диірменде ұн үгіледі.
«Bio operations» зауытында өңделген астықтың қалдықтары шошқа фермасында жемазық ретінде пайдаланылады. Бұл ферманың алғашқы кезеңі 2018 жылы салынып біткен, кейін 5,1 млрд.теңге ивестиция тартылып екінші кезеңі жүзеге асырылды. Мұнда жылына 200 мың бас талпақ танау ұстауға мүмкіндік бар. Еліміздегі ең ірі ет комбинаттарының бірі де Тайыншада орналасқан. Мұнда шошқа және қара мал етінен шұжық өнімдері шығарылып, еліміздің қалалары мен шетелге сатылады.