Петропавлда полиция қызметкерлері әкімдікпен және ТЖ департаментімен келісе отырып, Ойқала шағынауданының тұрғындарына су баспаған үйлеріне оралуға көмектесіп жатыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Бүгінгі таңда Ойқала шағынауданының едәуір бөлігін әлі де су басып жатыр. Полиция, құтқарушылар, әкімдік қызметкерлері мен еріктілер өз жұмыстарын жалғастырып жатыр. Полиция департаментінің басшылығы жеке құрамға қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға жол бермеу туралы ғана емес, халыққа мүмкіндігінше жан-жақты көмек көрсету туралы тапсырма берді.
– Полиция қызметкерлері екі ауысымда патрульдейді. Біз жасақтар санын азайтпаймыз. Қазіргі уақытта су кетіп жатқан учаскелердегі қызметкерлерді су басуы мүмкін аймақтарға ауыстырып жатырмыз. Тұрғындар да мұндай шектеу шараларына түсіністікпен қарайды. Бүгінгі таңда біз әкімдікпен және ТЖ департаментімен келісе отырып, бірінші және екінші толқын кезінде су баспаған үйлердің тұрғындарын баспаналарына өткізіп жатырмыз. Қазір олар заттарын әкеліп, үйлеріне көшіп жатыр. Жалпы, жағдай тұрақты, – дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.
Қалалық полицияның қызметкерлері бекеттердегі кезекшіліктен, жаяу және қызметтік көлікпен патрульдеуден бөлек, су басқан аймақтарда моторлы қайықтарға мініп тәртіпті қадағалауда. Ұрлыққа жол бермеумен қатар, олардың міндеті – адамдардың суда жүру фактілерін болдырмау, өйткені бұл олардың қауіпсіздігіне, тіпті өміріне тікелей қауіп төндіреді. Жалпы, қаланың су басқан аудандарындағы жағдай тұрақты, барлығы өз жұмыстарын атқарып жатыр. Адамдар билік өкілдерінің жұмысына түсіністікпен қарайды және судың кетуін асыға күтіп жүр.