Биыл облыстық прокуратура өңірге 50,9 млрд. теңге көлемінде инвестиция құюды жоспарлаған инвесторлардың 6 мәселесін шешті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Отандық инвестор «Atameken Agro Oils» ЖШС-і 252 жұмыс орнын ұсына отыра жалпы құны 19,4 млрд. теңге болатын «Экстракциялық май өндіру зауытының құрылысының» жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Оны іске қосу барысында инвестор кәріз желілеріндегі ақаулары салдарынан өндіріс алаңын су басу мәселесіне тап болды. Қадағалау органының ұсынысы бойынша әкімдік құбырларды ауыстыру шараларын қабылдады, сондай-ақ кәрізді қайта қалпына келтіруге қосымша 100 млн. теңге қаражат бөлді.
Ал «EMS Agro» ЖШС және «Eurasian Milk» ЖШС инвесторлардың жұмсалған инвестициялық шығындарды өтеу бойынша өтінімдерді қарау мерзімдерін бұзу фактілері анықталды. Жергілікті атқарушы органның қадағалау және үйлестіру шаралары арқасында инвесторларға 1,2 млрд. теңге көлемінде төлем жасалды, бұл оларға жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруға мүмкіндік берді.
Бүгінгі таңда 31 инвестициялық жобаны қолдау жалғасуда және облыстық прокуратураның бақылауында.