7 мамыр — Отан қорғаушылар күні. Айтулы мерекемен өңір тұрғындарын СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
-Құрметті Отан қорғаушылар! Қымбатты солтүстікқазақстандықтар! Сіздерді Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мерекеде елімізді қаһармандықпен қорғап жүрген жандарға құрмет көрсетеміз!
Бұл күнді алапат соғыс жылдарының батырларын еске алып және Тәуелсіз еліміздің қазіргі қорғаушыларын құттықтай отырып атап өтуіміздің өзіндік символикалық мәні бар. Олар аға буын өкілдерінің ерлігінен үлгі ала отырып, бейбіт уақытта да батырлық көрсетіп, біздің мемлекетімізді қаһармандықпен қорғауда.
Оны биылғы көктемдегі оқиғалар анық көрсетті. Көктемгі су тасқынының салдарымен күресте әскери қызметшілер шешуші рөл атқарды. Ең қиын сәттерде біздің сарбаздар мен сардарлар батылдықтың, антқа адалдықтың, қайсар мінездің үлгісін көрсетті.
Олардың төтенше жағдай кезіндегі іс-әрекеттерге дайын болуы, жоғары кәсіби деңгейі мен батылдығы су тасқынынан келетін шығынды барынша азайтты және көптеген адамдардың өмірін сақтап қалды.
Құрметті әскери қызметшілер! Сіздердің қиын сәттегі батыл әрекеттеріңіз қандай құрметке де лайық. Сіздерге мықты денсаулық, отбасылық бақыт, бейбіт аспан және біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі жолындағы қызметтеріңізге табыс тілеймін! — деді СҚО әкімі.