Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында «Батырларға тағзым» атты еске алу кеші өтті. Шарада Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз кеткен солтүстікқазақстандықтар туралы айтылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жиында облыстық мұрағат қызметкерлері майдан даласында іс-түссіз жоғалған жерлестеріміз және Кеңес Одағының батырлары жайында құнды деректерді баяндап, олардың өмірбаяндары электрондық базаға енгізілгенін алға тартты.
– Соғысқа облыстан 116 мың адам аттанды. Олардың 45 мыңнан астамы майданнан оралмады. Біз әр батырымыз жайлы мағлұматтарды іздеп, ардагерлеріміз жайында деректер жинадық. Жыл сайын көктемде арнайы іздеу жасақтары Новгород облысына барып, жауынгерлеріміздің сүйектерін көтереді, –деді СҚО мемлекеттік мұрағаттың директоры Сәуле Мәлікова.
Бүгіндері мұрағат қызметкерлері жоғалған Қызыл әскер сарбаздары жайлы мәліметтерді шетелдік консулдықтар арқылы жаңғыртуда.
Жиында белгілі болғанай, соғыс жылдары КСРО батыры атағын алған 55 майдангер анықталды. Олардың 11 «Даңқ» орденімен марапатталған.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, майданға кеткен 1 млн. 200 мың қазақстандықтың тең жартысы елге оралмаған.