Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер кітапханасында Ұлы Жеңістің 79 жылдығына орай «Жеңіс прозасы» атты оқырмандар конференциясы өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Шараға М. Қозыбаев атындағы СҚУ мен Петропавл техникалық-гуманитарлық колледжінің студенттері қатысты.
Тарих пен уақыт безбеніне салынған бұл соғысқа Қазақстаннан 1,5 миллионға жуық азамат аттанды. Оның тең жарымы Отанына оралмады. Сұм соғыстың зардабы жайында талай шығарма жазылды, көркем фильмдер түсірілді. Конференцияда М. Қозыбаев атындағы СҚУ қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының студенттері, жас қаламгерлер клубының мүшелері, кітапхананың жас оқырмандары жеңіс жаңғырығына айналған шығармалар жайлы айтып, пікірлерін ортаға салды.