Солтүстік Қазақстан обласында тас жолда полицейлер Мемлекеттік кірістер департаментімен бірге бір тоннадан астам контрафактілік алкогольді тәркіледі, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасына контрафактілік алкогольдің көп мөлшердегі заңсыз айналымы туралы ақпарат келіп түскен.
Полицейлер облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлерімен бірге Қызылжар ауданының аумағында, «Астана – Петропавл» автожолында жүк көлігін тоқтатты. «ГАЗель» автомашинасында Петропавлдың 49 жастағы тұрғыны болған.
Көліктен 70 дана бес литрлік және көлемі 0,5 болатын 2680 бөтелке тәркіленді. Ыдыстардың ішінде спирті бар сұйықтық болған. Тәркіленген өнімнің жалпы көлемі 1 690 литр болды. Жүк иесінің ішімдікке құжаттары болмаған.
Аталған дерек бойынша материал процессуалдық шешім қабылдау үшін Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына берілді.
— Сапасы тексерілмеген, лицензияланбаған алкоголь адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін еске саламыз, — дейді СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының өкілдері.