Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында белорус драматургы Дмитрий Богословскийдің «Бөгде жағалаулар» қойылымының тұсаукесері өтті. Айбол Қасымның режиссерлығымен қойылған туынды кездейсоқ кездескен екі жастың махаббат хикаясынан хабар береді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Тек екі-ақ актер қатысатын спектакль ғашықтардың кездескеннен кейінгі үш күндік өмірін сипаттайды. Алайда осы 72 сағат олардың бар ғұмырына татитындай әсер қалдырады. Әлдебір жігіт сақтандыру компаниясына келіп сондағы бір бойжеткенге ғашық болады. Екеуі үш күн бойы бірге жүріп жастық шақтың естен кетпес сәттерін бастан кешіреді. Алайда өмір ағысы олардың бірге болуына кедергі келтіреді. Екеуі бір-біріне жете алмай екі жағада қалған адамдардай аласұрады. Өзінің қатерлі ауруға шалдыққанын білген қыз сүйгенінен алыстағысы келеді. Ал жігіт болса, өз ғашығын іздеп, шарқ ұрады. Ол екеуінің арасын бөліп тұрған ағысы қатты өмір-өзенге сүңгіп кетуге әрекет жасайды. Қойылымның соңында жігіт өз ғашығын қолынан ұстап перденің ар жағына кетпек болған жерінен алып шығады. Осылайша олар махаббаттың өлімнен де күшті екенін, бір сәттік кездесудің өзі адам өмірін мүлде басқа арнаға бұрып жібере алатынын көрсетті.
Қойылымның соңында залға жиылған қалың жұртшылық актерлер мен режиссерге қол соғып, құшақтарын гүлге толтырды.