ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су басқан өңірлерді қалпына келтіру жұмыстары бойынша Үкімет отырысында есеп берді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
— Жекелеген өңірлерде су басқан үйлерді техникалық тексеру және бағалау жұмыстарының қарқыны төмен. Осы орайда қажетті қорытындыны мүмкіндігінше қысқа мерзімде беру керек. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында 4 мың су басқан үйдің 54%-ы, атап айтқанда тек 2176 үй тексеріліп, 770 үйдің құны бағаланды. Ақтөбе облысында үйлердің 73%, яғни 3679 үй тексеріліп, оның ішінде 1673 үйге баға берілді. Ал Атырау, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысында су басқан үйлерді тексеру және бағалау жұмыстары аяқталды, — деді Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында.
Вице-премьер мәліметінше, су басқан өңірлерде 9 мыңнан астам үйді жөндеу керек және 4 315 үй апатты деп танылған.
— Қазір өңірлерде 1847 үй мен пәтердің құрылысы басталды және бұрын пайдалануға берілген 3417 пәтер мен үй сатып алу жоспарланған. Өңір әкімдері құрылыс жұмыстарын кешіктірмеуге баса назар аударуы керек. Жаңа оқу жылына дейін тасқын судан зардап шеккен тұрғындар баспаналы болуы қажет. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр және ерекше бақылауда, — дейді ол.