СҚО полицейлері Ақмола облысының 20 және 17 жастағы екі тұрғынынан бір келі синтетикалық есірткі тәркіледі, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жігіттер синтетикалық есірткі сатумен айналысатын интернет-дүкенде жұмыс істеген. Полицейлердің ақпараты бойынша, олар Петропавлға аса ірі көлемдегі есірткі партиясын буып-түю үшін келіп отырған. Осылай кезекті рет «жұмысқа» келгенде жедел уәкілдер оларды Рижская көшесінде қолға түсірді. Жеке тексеру және жалға алған пәтерді тінту кезінде 664 грамнан астам мефедрон мен түйіншектерге, пакеттерге, тіпті ас үйдің тарелкесіне салынған 358 грамнан астам α-PvP есірткісі табылды. Тәркіленген заттың жалпы салмағы 1 келіден асты.