Облыстық әдеп жөніндегі кеңесте Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Возвышенка ауылдық округі әкіміне қатысты тәртіптік іс қаралды. Мемлекеттік қызметші Қанат Тоқпанов мамыр айының басында көлікті мас күйде тізгіндеген, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Абзал Оразамбетов қызметтік тергеу жүргізілгенін, оның барысында ауыл әкімі мас күйінде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады. 2 мамырда жұмыс уақытында қызметтік автокөлікпен ол қала маңындағы трассада жүрді. Қанат Тоқпановты полиция қызметкерлері тоқтатып, медициналық куәландырудан кейін ішімдік ішкенін анықтады. Жаза ретінде оған 15 тәулікке қамау және жеті жылға жүргізуші куәлігінен айыру шарасы қолданылды. Өз кезегінде ауылдық округтің әкімі бұл әрекетін мойындады.
Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Дулат Тайшабай ауылдық округ тұрғындарынан мемлекеттік қызметшіні қолдауға өтініш түскенін атап өтті. Десе де жиында аудан әкіміне көпшілік дауыспен Қанат Тоқпановты қызметінен босату ұсынылды.
Жыл басынан бері облыс бойынша мемлекеттік қызметшілер мас күйінде көлік жүргізген бес факт тіркелді.