Елімізде «Кең дала» бағдарламасы аясында дала жұмыстарына қосымша 300 млрд. теңге бөлінді. Оның 50 млрд. теңгесі – Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы өңірлік орталық коммуникациялар қызметі өткізген баспасөз мәслихатында белгілі болды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мәрлен Нәбиевтің айтуынша, соңғы үш жылда «Кең дала» бағдарламасы аясында ел көлемінде көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарына 140 млрд. теңге бағытталады. Биыл оның сомасы артып, 300 млрд. теңгені құраған.
– Алдыңғы жылдары несиелер қысқа мерзімге беріліп, оларды 1-желтоқсанға дейін өтеу қажет болса, қазір қаржыландыру орта мерзімді болып өзгерді. Яғни, қарызды өтеу мерзімі ұзартылды. Бұл фермерлерге астықты барынша ұтымды бағамен сатуға мүмкіндік береді, — дейді Мәрлен Нәбиев.