Петропавлда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 53 баспананың кілттері табысталып, жиһаз алуға сертификаттар берілді. Солнечный-2 кентіндегі салтанатты шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Естеріңізге салсақ, сәуірдің 24-і күні Солнечный-2 шағынауданында су тасқынынан зардап шеккендерге үйлердің құрылысы басталған болатын. Қысқа мерзім ішінде 53 үй тұрғызылып, құтты қоныс иелерін тапты.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева құтты қоныс иелерін құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.
– Солнечный-2 шағынауданында жоспар бойынша 700 үй салу көзделген болатын. Бүгін алғашқы 53 баспана дайын болып, оларды табыстап жатырмыз. Құтты қоныстарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен және демеушілеріміздің көмегі арқасында қысқа уақыт ішінде жайлы баспаналар бой түзеді. Оларға алғысымыз шексіз. Жаңа үйлерде тек береке мен шаттық ұяласын, — деді СҚО әкімі.
Шарада белгілі болғандай, Солнечный-2 кентінің ресми атауы Бірлік шағынауданына ауыстырылды.
Бірлік шағынауданында құрылысы жүріп жатқан 200 үйге «Қазақстан халқына» қоры демеушілік көрсетіп, 5 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлді.
– Біздің қор су тасқынынан зардап шеккен 6 облыста баспаналарды тұрғызуға қаражат бөлді. Демеушілігіміздің арқасында алғашқы қарлығаш баспаналарымыз теріскейде берілді. Баршаңызды бұл айтулы күнмен құттықтаймын. Табиғи апаттар бізді айналып өтсін, — деді «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.