СҚО полицейлері биыл қызметтік қаруды сақтауға құқығы бар субъектілерден 16 заң бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Әкімшілік полиция қызметкерлері қару ұрлығына, жазатайым оқиғаларға жол бермеуге бағытталған тексерістерді ұдайы негізде жүргізіп тұрады. Ерекше назарда – жекеменшік күзет құрылымдары. Заңды тұлғаларды тексеру тәртібіне қатысты заңнамаға өзгертулер енгізілмек, заң өз күшіне 8 маусымнан бастап енеді. Азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау жөніндегі бөлімнің қызметкерлері күзет қызметі объектілерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
– Өзгерістерде жазалау принципінен профилактикаға көшіру қарастырылған, енді анықталған кемшіліктер бойынша оларды жоюға уақыт беріледі. Талаптарды орындамаған жағдайда ғана әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жалпы, бүгінгі күні облыста қызметтік қаруды қауіпсіз сақтау үшін жағдай жасалған. Күзет фирмаларында белгіленген стандарттарға сай жабдықталған қару бөлмелері немесе қаруларды орталықтандырылған сақтау пункттері бар, – дейді СҚО ПД ӘПБ бастығы Серік Әлжанов.