Өңірде жыл сайынғы дәстүрлі ат спорты маусымының ашылуы өтті. Ат спортының жанкүйерлері мен тұрғындар Қызылжар ауданындағы «Құлагер» ипподромына жиналып, қызықты шараның куәсі болды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Шабандоздар, атбегілер мен жұртшылықты айтулы күнмен облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев құттықтады.
-Құрметті спорт мерекесіне қатысушылар және қонақтар! Бүгін Қызылжар ауданында ат спорты жарыстары бастау алды. Елімізде және облыста ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше назар аударылған. Өңірде 800-ден астам жасөспірім қазақ күресімен айналысады. Сонымен қатар солтүстікқазақстандық жастар арасында көкпар, ат жарыс, күрес пен белдесу, арғымақ сынды спорт түрлеріне сұраныс артқан. Ат спортына қызығушылардың да саны күн санап өсіп келеді. Бүгінгі сайысымыз әділ әрі өте қызықты болады деп үміттенемін, — деді Қанат Дүзелбаев.
Көрермендер ат спортының көрсетілімдерінен кейін жарыс түрлерін тамашалады. Сәйгүліктер 1600, 5000, 7000, 13000 метр қашықтықта сайысқа түсті. Мәреге бұрын келген жүйріктер республикалық додаға жолдама алды.
Ең алғашқы жорға жарыста Аққайың ауданынан келген Евгений Чибисов жеңімпаз атанды.
-Сәйгүлігім — Аквамаринді Ресейден екі ай бұрын ғана алып келдік. Дайындалып, бүгін міне, бірінші рет сайысқа қатыстырдық. Және бірден жеңіске жеттік. Өзім 25 жылдан бері шабандоз болып, талай додада бақ сынап жүрмін, — дейді жеңімпаз.
Ал аламан бәйгеде Қарагер тұлпарын тізгіндеген Әбілмансұр Сәлім мәреге бірінші келсе, екінші орынды Фаворит лақабатымен белгілі сәйгүлікке мінген Нұртілеу Рымхан иеленді. Үштікті тазақанды Басмаг тұлпарымен Тілекберген Бижұма түйіндеді. Сайыс жеңімпаздарына ақшалай жүлделер табыс етілді.
СҮЙСІНТКЕН СӘЙГҮЛІКТЕР
201
алдыңғы жаңалық