Вице-премьер Серік Жұманғарин Жетісу облысына жұмыс сапары аясында егіс науқанының қорытындыларымен және шегірткеге қарсы күрес барысымен танысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Серік Жұманғарин егістік басында өңірдің аграршыларымен кездесіп, оларға ауыл шаруашылығындағы мемлекетті қолдау шаралары туралы баяндады. Атап айтқанда, қант қызылшасын өндіруді қолдау жөнінде тоқталды.
«Бүгінде қызылша өсіру өте тиімді. Өткен жылы біз қант қызылшасы тұқымын субсидиялау нормативтерін және өңдеуге тапсырылған қызылша көлемі үшін килограмына 15 теңгеден 25 теңгеге дейін арттырдық. Зауыттар сатып алу бағасын 15 теңгеге дейін көтерді. Осылайша, бір тонна қант қызылшасының жалпы құны 40 мың теңгені құрады. Гектарына 500 центнер өнімділікпен фермердің табысы шамамен 2 млн теңгені құрайды. Бүгінде қызылша – ең жоғары маржиналды дақыл», деп атап өтті вице-премьер.