Қазақ вальсінің королі Шәмші тағдырын арқау еткен ақын, драматург Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» атты поэтикалық драмасы С. Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрында сахналанды. Туындының режиссері- Фархат Молдағали.
Әйгілі Шәмшінің жүрек шымырлатар, сезім серпілтер құдіретті әндері әр қазақтың аузында. Сол сұлу әндер өмірге қалай келгені туралы ел аузында әңгіметер көп. Солардың ішінде еріксіз биге жетелеп, махаббатпен тебірентер «Сыған серенадасы» туындысының орны бөлек. Осы бір әнді оятқан Сыған қызы Изольда жайлы көбіміз біле бермейміз. Сазгер өміріне қатысты осы сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, Шәмшінің өз тағдыры, өз махаббаты туралы тың деректерді сахнада бере отырып сыр шертетін қойылым көрермендердің көңілінен шықты.