Өңірде өрттің қауіпті кезеңіне дайықтық жұмыстарының жайын облыстық мәслихаттағы «Amanat» депутаттық фракциясының және партиялық бақылау комиссиясының мүшелері талқылады. Бүгінде қоғамды сумен қамтамасыз етудің балама көздерінің жоқтығы мәселесі толғандырып отыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Аслан Ахметжановтың айтуына қарағанда, жергілікті басқару органдарының салғырттығынан 285 елді мекенде сумен қамтамасыз етудің балама көздерін орнату мәселесі тиісті деңгейде шешілмей келеді. Сондай-ақ, су алу үшін өрт пирстерін салу проблемасы да өткір. Ауыл-аймақтарды құрғақ өсімдіктерден, қамыстан, күл-қоқыстан және басқа да жанғыш қалдықтардан тазарту жұмыстары дұрыс ұйымдастырылмаған. Сонымен қатар, автомобиль жолдарының бойында минералданған жолақтарды орнату бойынша жұмыс белсенді емес.
«Елді мекендердің айналасында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2 177 километр минералданған жолақ салу қажет. Бүгінде соның 1 678-інде ғана арнайы жолақ құрылған. Орман алқаптарында әлі күнге дейін жер жырту жұмыстары аяқталған жоқ. Өрт туындаған жағдайда қауіпті аймақтардан адамдар мен малды эвакуациялау мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Алайда бірде-бір аудан уақытша эвакуациялау орындарын анықтаған жоқ», — деп атап өтті Аслан Ахметжанов.