Биылғы жылы өңірдің мәдениет саласында бірқатар жобалар жүзеге асырылмақ. Өткен айда мәдениет және өнер қызметкерлерін атап өту барысында аудандардағы өнер ұжымдары арасында ауқымды байқау өтіп, соның нәтижесінде үздік ауданға автокөлік берілетіні туралы айтылған-ды. Бүгінде облыстық халық шығармашылығы және мәдени-бос уақыт қызметінің орталығы мамандары байқау жеңімпаздарын іріктеуді бастап кеткен деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz. Осы күнге дейін ұйымдастырушылар 12 ауданда болып, мәдениет үйлерінің шығармашылық әлеуетін бағамдаған.
Аймақтық іріктеуге облыс бойынша 450-ге жуық өнерпас атсалысқан. Олардың арасында әр жанрда өнер көрсететін өнер ұжымдары, әнші-бишілер, жастар мен балалар бар.