М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіндегі «География және экология» кафедрасының студенттері еліміздің және Өзбекстантың бірнеше қаласында жазғы оқу-көшпелі тәжірибеден өтті. Білім алушылар бұл аймақтардың табиғи ландшафттарымен, экономикасымен, мәдени-тарихи мұрасымен танысуға және зерттеулер жүргізуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Тәжірибе барысында болашақ экологтар ауа-райын бақылап, өнеркәсіптік аймақтарда ауадағы оттегі мен зиянды заттардың концентрациясын анықтады. Сондай-ақ су қоймаларындағы тіршілік нәрінің сапасын зерттеп, топырақ, өсімдік үлгілерін жинады.
Студенттер Өзбекстанның Ташкент, Самарқанд, Бұқара қалаларында болып, Батыс Тянь-Шаньның биік белдеулері мен жоталарын көрді.
Өзбекстанда жас зерттеушілерді Мирзо Ұлықбек атындағы Ұлттық университет қарсы алып, солтүстікқазақстандық оқытушылар құрамы көрші елдің жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнату жоспарын талқылады. Жиында алдағы уақытта бірлескен бағдарламаларды ашу тұрғысында әңгіме өрбіді.