Петропавлдағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жыл басынан бері 6 бала жоғары қабаттың терезесінен құлап түскен. Дәрігерлер түрлі ауыр жарақат алған сырқаттарды аман алып қалды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Балалардың терезеден құлау фактілері көбеймесе азаяр емес. Солтүстік Қазақстан облыстық көпбейінді балалар ауруханасының травматология және ортопедия бөлімінің меңгерушісі Асылхан Жағыпаровтың айтуынша, биыл жарты жылда өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда балалардың биіктен құлау жағдайлары 16,6% артқан. Сондықтан дәрігерлер амалсыздан бұл мәселеге ересектердің назарын аударуды жөн санапты.
— Бұл балалар қандай жағдайда құлайды? Қазір үйлерде негізінен пластикалық терезелер тұр. Шыбын-шіркейге қарсы москиттік тор құрылады. Міне осы торды бала қолмен итеріп қалып биіктіктен төмен құлап жатыр. Көпшілік «менің балам терезеге бармайды, ақылы бар, құламайды» деп ойлайды. «Бірінші-екінші қабатта тұрамыз, құлауы мүмкін емес» деп баланы назардан тыс жіберіп алады. Қандай да бір бес секундтың ішінде бала биіктен құлап, мерт болу қаупі жоғары, — дейді Асылхан Жағыпаров.
Биыл көпқабатты үйдің терезесінен құлаған алты баланың екеуі – 5 жасқа дейінгі бүлдіршін. Қалған төртеуі – 10 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер.
— Ересектеу балалар психикалық жағдайына байланысты немесе ойнап жүріп, абайсызда құлап кетеді. Мұндай жағдайға жол бермес үшін ата-аналар балаларына мұқият болса екен дейміз. Қазір терезелерге арналған қорғаныш заттардың түрлері көп. Сондай-ақ терезе жанына жиһаз, орындық қоюға болмайды. Балаға терезе жақтауына мінудің қауіпті екендігін айтып, түсіндіру керек, — дейді Асылхан Жағыпаров.
Дәрігердің айтуынша, ауруханаға түскен балаларда бас миы жарақаты, бас миының шайқалуы, омыртқаның сынуы, өкпенің жыртылуы, қанның ұюы, қол-аяғының сынуы секілді жарақаттар болған. Мамандар ауыр халде түскен балалардың өмірі үшін күресіп, былтыр да, биыл да өлімге жол берген жоқ.