«Jas Kenes Siylygy» республикалық байқауына СҚО-дан 5 азамат қатысады. Олар – «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» акционерлік қоғамының қызметкерлері, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Jas Kenes Siylygy» республикалық байқауы биыл ҚР Президенті жанындағы жастар кеңесінің бастамасымен құрылған болатын. Оның мақсаты – жас жұмысшы мамандарды ынталандыру және олардың қызметін өзгелерге үлгі ретінде көрсету.
Республикалық сыйлық 7 аталым бойынша беріледі. Байқау барысында денсаулық сақтау, құқық қорғау, білім беру салаларында қызмет етіп жүргендер мен еріктілер санатындағылардың еңбегі бағаланбақ.
«Өнеркәсіп» аталымында бақ сынауға «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ-ның 5 қызметкерін жіберді. Бұл номинацияда басты жүлде – 1 млн. теңге.
– «ПАМЖЗ» АҚ байқауға 5 жыл еңбек өтілі бар Әлібек Уатаевты ұсынды. Өткен жылы ол «Еңбек жолы» байқауында үшінші жүлделі орынды иеленді. Сондай-ақ биыл бұл сында шебер Антон Полуян мен электрмонтаждаушы Иван Демин бақ сынамақ. Ал Николай Лиханасов пен Данил Замяткин осы жылы кәсіпорынға жұмысқа қабылданды. Жас мамандар үшін бұл алғашқы кәсіби байқау болып табылады, — дейді «ПАМЖЗ» АҚ баспасөз қызметі.