Киров атындағы машина жасау зауытында ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мариэтта Ворожбитованың құрметіне мемориалдық тақта орнатылды. Жерлесіміз өңірдегі өнер саласының дамуына сүбелі үлес қосқан, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Іс-шараның аталмыш зауыттың алдында өтуі тегіннен тегін емес. Нәзік жанның өмірінің соңғы жылдарына дейін осы өндіріс ошағында құрылған «Арай» хореографиялық би ансамблінің директоры болып қызмет атқарған.
— Мариэтта Ворожбитова осы зауытта 1972 жылдан бастап қызмет еткен болатын. Бұл кісі – бірнеше би туындыларының авторы. Шәкірттері де өте көп, — деді облыстық халық шығармашылығы мәдени-бос уақыт қызметі орталығы басшысының орынбасары Сандуғаш Жоламанова.
Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына нәзікжандының туған-туыстары, жолдастары және бұрынғы әріптестері қатысты. Мариэтта Николаевна 1938 жылы Ресейдің Владивосток қаласында дүниеге келіпті. Жерлесіміз кішкентай кезінен би өнеріне қатты қызыққан. Өнерпаз болып та, ұстаздық етіп те біршама жетістікке жеткен.
— Мариэтта Николаевнаның қарамағында 35 жылдай еңбек еттім. Ол кісі жайлы тек жақсы естеліктер есімде қалды. Нәзікжанды зор жетістіктерге жетті. Жастар үшін көп еңбек етті. Сондықтан, осындай адамдардан үлгі алуымыз керек. Ұстазымыздың есімі еш ұмытылмайды, — деді «Доминант» халықтық би студиясының жетекшісі Владислав Оленчук.
Мариэтта Ворожбитова көзі тірі болса биыл 86 жасқа толушы еді.