Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында жерлесіміз, белгілі жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың «Ортақкөл әңгімелері» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Шараға Зейнел-Ғаби Иманбаевтың балалары, туыстары, жерлестері, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, кітапхана оқырмандары қатысты. Кітап Алматыдағы «Асыл кітап» баспасында басылған.
Жазушының туған жері – Шал ақын ауданында жыл басынан бері қаламгерге арналып кітапхана, музей, өзге де мәдениет ордаларында шығармашылық кездесулер, «дөңгелек үстелдер», танымдық сағаттар, кітап көрмелері және бірнеше іс-шаралар өткізілді. Өңірлік муниципалдық телеарнаның «Тарих және таным» бағдарламасы арқылы деректі фильм түсірілді. Ауданның бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде мақалалар шықты.
–Осы жылдың соңына дейін ауданда үлкен іс-шара өткізу жоспарда бар. Сондай-ақ аудан орталығының «Даңқ аллеясында» жерлесімізге арналған мемориалдық тақтайша орнатылған. Зейнел-Ғаби Иманбаевтың рухани бай және сан салалы мұрасын жас ұрпаққа таныту – біздің міндетіміз, – деді Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағұлов.
«Ортақкөл әңгімелері» кітабының тұсауын Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағұлов, Қазақстанның құрметті журналисті Өмір Есқали, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сағындық Рақымжан, сатирик Қойшыбай Шәниев кесіп, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Рахат Назымбекұлы тағылымды іс-шараның өтуіне ұйытқы болған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Алтын Иманбаеваның арқасына шапан жауып, бір құшақ гүл сыйлады. Дәл осындай сый-сияпат облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы тарапынан да көрсетілді.
– Әкем педагог болмаса да, баланың психологиясын жақсы біліп, қаншама әңгімелер жазды. 20 шақты кітабы жарық көрді. Үш жылдың ішінде 90 әңгімесі радионың әуе толқыны арқылы бүкіл Қазақстанға таралады. Соның өзі әкемнің қандай қаламгер болғанынан хабар береді, – деді жазушының қызы Алтын Иманбаева.