Соңғы 10 жылдың ішінде суға шомылуға жарақтандырылған жағажайларда бірде-бір адам өлімі тіркелмеді. Десе де, биылғы жылдың өзінде белгіленбеген жерде суға түскен 2 адам қаза тапты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өңірлік орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Ризабек Темірбеков суда қайғылы оқиғалардың алдын-алу мақсатында түсіндірме жұмыстар жүргізіліп жатқанын алға тартты.
Баспасөз мәслихатында азаматтық қорғаныс басқармасының өкілі биылғы жылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-ші бабындағы «Су қоймаларында қауіпсіздік ережелерін сақтамау және бұзу» бойынша бірқатар азамат жауапқа тартылғанын айтты.
– СҚО-дағы су айдындарында әкімшілік жауапкершілікке 18 адам тартылды. Сондай-ақ ӘҚБ кодекстің 364-ші бабы «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша 150 азамат жазаланды. Негізінен демалушылар өзен-көлдерге алкогольдік ішімдік әкеледі. Салдары өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін екенін түсінбейді, — дейді Ризабек Темірбеков.