ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында жаңа «Бірлік» шағын ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге салынып жатқан үйлердің құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Құрылыс «Kaspi», «Kazakhmys» және «Kazminerals management» басқарушы компанияларының қаражатына жүргізілуде. Жаңа «Бірлік» шағын ауданында 200-ге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Министр 1 қазанға дейін 700 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланғанын хабарлады.
Облыс орталығында Министр «Қопай» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты. Қазіргі таңда, 29 көпқабатты үй салынып жатыр. Сонымен қатар, Қанат Шарлапаев су тасқынынан зардап шеккен «Кожевенный» шағын ауданындағы механикаландырылған жасақтардың жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.
Облыста 70 механикалық бригада жұмылдырылып, 250 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілуде және 88 үйде жұмыстар аяқталды. Министр Қызылжар ауданының Бескөл ауылында 5 қабатты 50 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын тексерді.
Қанат Шарлапаев қалпына келтіру жұмыстарын жүргізудің тиімділігі мен сапасын атап өтті. Жұмыстар инфрақұрылымды тез қалпына келтіріп, тұрғындарды жаңа баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жалғасуда.