СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Мамлют ауданында болып, кәсіпорындардың, жылқы фермасының жұмысымен танысып, шаруалармен кездесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Дубровное ауылындағы әлеуметтік нысандар жаңартылуда. Мектеп пен фельдшерлік-акушерлік пунктке күрделі жөндеу жүргізілуде. Мәдени-демалыс орталығында да жөндеу басталып кетті.
Ауданда үлгілі шаруашылықтар бар. «Белое-Агро» ЖШС Щучье ауылында жұмысшыларына жаңа үйлер салып жатыр. Сондай-ақ, өз қаражатына мәдени-демалыс орталығын қайта жаңғыртуда.
Мәдениет үйінде өңір басшысы Мамлют ауданының тұрғындарымен нәтижелі кездесу өткізді. Өзекті мәселелерді талқылап, ауданды дамытудың міндеттерін белгіледі. Тұрғындар инфрақұрылымды жақсарту бойынша ұсыныстарын ортаға салып, сұрақтарын қойды, облыс әкімі ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Мамлютка қаласында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ аудан орталығында жиһаз индустриясы үшін ДСП шығаратын зауыт іске қосылады.
Ал Бексейіт пен Бостандық ауылдарында биыл жаңа медициналық пункттер ашылады. Новомихайловка мен Покровкада фельдшерлік-акушерлік пункттер салынуда. Мамлютка, Дубровное, Воскресеновка, Краснознаменное, Бексейіт және Михайловкада су тарату желілері тартылып, Афонькино ауылында су қондырғысы салынуда.