Облыста екі аптадан кейін орақ науқаны басталады. Қазіргі уақытта өңірдегі астық қабылдау кәсіпорындары тексерістен өтіп, бидайды қабылдауға әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Биылғы науқанда жауын-шашынға байланысты дән кептіргіштерге сұраныс жоғары болуы мүмкін. Десек те, мамандардың айтуынша, облыс бойынша астық қабылдау орындары жеткілікті. Сыйымдылығы 3,2 млн. тонна болатын 46 элеватор бар. Сондай-ақ соңғы жылдары шаруашылықтар өздерінің бидай кептіргіштерін салып жатыр. Осындай құрылымдарды қоса есептегенде қазіргі уақытта өңір 6,9 млн. тонна астықты кептіріп, сақтай алады.
— Облыс бойынша астық кептіргіштердің саны 332-ге жетті, сағатына 10,6 мың тоннаны өңдей алады. Жалпы бір астық кептіргіштің орташа өнімділігі –сағатына 32 тонна. Қазіргі уақытта облыстың астық қабылдау кәсіпорындары жаңа бидайды қабылдауға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Материалдық-техникалық базаны дайындау барысында технологиялық жабдықтарды жөндеп, техникалық қызмет көрсетіледі. Автомобиль және темір жол таразылары, зертханалық жабдықтар тексеріледі, қойма және элеваторды тазарту және кеміргіштерге қарсы химиялық өңдеу жүргізіледі, жаңа өнім алу үшін кейбір астық қабылдау кәсіпорындары өткен жылғы астықтан босатып жатыр, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы Нина Усенко.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта астық қабылдау кәсіпорындарының орташа есеппен 80-85 пайызы даяр. Егін орағы басталғанға дейін, яғни 10-15 тамызда барлық элеваторлар бидайды қабылдауға дайын болады.