Петропавлда қазақ күресінен «Бейбіт күннің батырлары» атты республикалық турнир өтіп жатыр. Жарыс қызметтік міндеттерін орындау кезінде ерлікпен қаза тапқан азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін еске алуға арналған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Республикалық турнирге еліміздің қалаларынан 14 команда қатысуда. Бозкілемге бірнеше салмақ дәрежесі бойынша 100-ден тарта балуан шықты. СҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, қазақ күресінен турнир осымен 2-ші жыл қатарынан өткізіліп жатыр.
– Жарыстың ерекшелігі – турнирге құтқарушы-спортшылардан бөлек, кәсіби түрде қазақ күресімен айналысып жүрген балуандар да қатысады. Турнирде 55 келіден бастап, «Түйе палуан» санатына жататын кіретіндер бақ сынауда, — дейді СҚО ТЖД қызметкері Марина Самойленко.
Бүгін балуандардың белдесулері өтіп жатыр. Жарыс қорытындысы бойынша үздік атанғандарға грамоталар мен медальдар табысталады.